Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес туралы мәлімет жарияланды
Ұлттық қауіпсіздік комитеті Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, ұйымдасқан қылмысқа қарсы ауқымды арнайы операция жүргізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бас прокуратураның үйлестіруімен қару-жарақты өткізу және сақтау, қорқытып алу, ұрланған автокөлікті заңдастыру, сондай-ақ өзге де қылмыстарға қатысы бар бірқатар қылмыстық топтың заңсыз қызметін тоқтатуға бағытталған арнайы операция жүзеге асырды.
Іс-шаралар бір мезгілде Алматы; Шымкент қалаларында, Ақтөбе, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл облыстарында, сондай-ақ Абай және Жетісу облыстарында өткізілді.
«Нәтижесінде 20 адам ұсталды, олардың 10-ы уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тінту барысында күдіктілерден атыс қаруы, оқ-дәрілер, есірткі заттары, ірі көлемдегі ақша қаражаттары, сондай-ақ өзге де заттай дәлелдемелер тәркіленді.
Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды», – делінген ҰҚК хабарламасында.