Қатты аяз, қар мен бұрқасын: бүгін елдің басым бөлігінде ауа райы күрт құбылады

Автор: Мөлдір Қазыбай

Синоптиктер 6 ақпанға қауіпті метеожағдай туралы ескертті

Фото: istockphoto.com

Қазақстанның басым бөлігінде 6 ақпан, жұма күні ауа райы күрт нашарлайды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қазгидромет болжамынша, ел аумағында қар мен жаңбыр аралас жауын-шашын жауып, жел күшейеді, ал бірқатар өңірде бұрқасын мен көктайғақ болады.

Метеорологтардың мәліметінше, түнгі уақытта Маңғыстау облысының солтүстік-шығысында қатты аяз күтіледі. Ал елдің оңтүстік-батысында, Жамбыл облысының таулы аудандарында, Түркістан облысының тау асуларында, Абай облысының орталығында және Жетісу облысындағы Алакөл маңында желдің екпіні секундына 30 метрден асып, қауіпті деңгейге жетуі мүмкін.

Белсенді оңтүстік циклон мен атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты республиканың солтүстік-батысында, солтүстігінде, орталығында және оңтүстігінде ауа райы тұрақсыз болады. Бұл өңірлерде қалың жауын-шашын түсіп, кей жерлерде қар аралас жаңбыр жауады. Ел бойынша тұман түсіп, жолдарда көктайғақ қаупі артады.

Болжамға сәйкес, тек елдің батысы мен оңтүстік-батысында ғана антициклон сілемінің ықпалымен жауын-шашынсыз, салыстырмалы түрде тыныш ауа райы сақталады.

Мамандар тұрғындарды жолға шыққанда сақ болуға, алыс сапарды кейінге қалдыруға және ауа райының қолайсыздығын ескеруге шақырады.