Тазалықтан басталған тәртіп: «AMANAT» бастамасымен өңірлердегі қоғамдық орындар қардан тазартылды

Автор: Мөлдір Қазыбай

Қар тазалау, тарихи орындарды күтіп-баптау және экологиялық жауапкершілік – партия бастамасы барлық өңірді қамтыды

Фото: «AMANAT» партиясының баспасөз қызметі

Елімізде экологиялық жауапкершілікті күшейтуге бағытталған «AMANAT» партиясының «Таза бейсенбі» акциясы кезекті мәрте кең ауқымда өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бастама Мемлекет басшысы көтерген «Таза Қазақстан» идеясын нақты іспен бекітуге бағытталған. Бұл жолы акция тек қар тазалау немесе сенбілік форматымен шектелмей, қоғамдық санаға әсер ететін ауқымды қозғалыс сипатына ие болды. Қалалар мен ауылдарда көшелер мен саябақтар, тарихи-мәдени нысандар, киелі орындар мен жаяу жүргіншілер аймақтары ретке келтірілді.

Түркістан өңірінде белсенділер киелі Түркібасы аумағын тазалап, рухани мұраға деген құрметті нақты іспен көрсетті. Қызылорда облысында мәдени маңызы зор мешіт-медресе аумағы тазартылып, тарихи нысандарды сақтау ісіне тұрғындар кеңінен жұмылдырылды.

Қарағанды облысының Ақтоғай ауданында қоғамдық алаң қардан ашылса, Шығыс Қазақстанда орталық көшелер мен тротуарлар тазартылып, тұрғындардың қауіпсіз қозғалысына жағдай жасалды.

Қостанай, Ұлытау өңірлерінде ескерткіштер маңы ретке келтіріліп, тарихи кеңістіктердің келбеті жаңарды. Маңғыстау облысында өткен акция барысында жүздеген келі қоқыс жиналып, елді мекеннің санитарлық ахуалы жақсарды.

Шымкент пен Астанада жастар мен коммуналдық қызмет өкілдері бірігіп, қоғамдық орындарды тазалап, қалалық ортаға сергектік сыйлады.

Ал Абай облысындағы саябақта жүргізілген жұмыстар демалыс аймақтарын қыс мезгілінде де ұқыпты ұстауға болатынын көрсетті. Бірнеше гектар аумақ қар мен қоқыстан тазартылып, тұрғындар үшін қолайлы кеңістік қалыптасты.

«Таза бейсенбі» – бір реттік акция емес, қоғамды бейжайлықтан арылтатын ұзақмерзімді үрдіс. Бұл бастама арқылы тазалық мәдениеті қалыптасып, қоршаған ортаға жауапкершілік көзқарас нығая түсуде.