Көлік полицейлері «Қарасора» іс-шарасы кезінде аса ірі көлемдегі есірткі айналымының жолын кесті
Жамбыл облысында аса ірі мөлшердегі есірткі құралдарының заңсыз айналымына қатысты қылмыстық іс аяқталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Өткен жылдың маусым айында «Қарасора» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Түрксіб станциясындағы желілік полиция бөлімінің қызметкерлері Меркі ауданына қарасты Қарасу елді мекенінің маңында күдіктіні ұстады. Күзетілмейтін теміржол өткелі маңында анықталған 50 жастағы жергілікті тұрғыннан тексеру барысында жалпы салмағы 95 келіден асатын кептірілмеген марихуана табылып, тәркіленді.
Тергеу барысында ер адамның жабайы түрде өсетін, құрамында есірткі бар өсімдіктерді әдейі жинап, кейін өткізу мақсатында дайындағаны белгілі болды. Аталған дерек бойынша есірткі құралдарын өткізу мақсатында заңсыз сақтау фактісімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілді.
Меркі аудандық сотының үкімімен айыпталушы кінәлі деп танылып, 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды.