Астанада жылы аялдамалар үйсіз-күйсіз жүрген тұрғындардың түнейтін тұрақты орнына айналған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Елорданың Алматы ауданының әкімдігі жағымсыз жағдайға қатысты ресми мәлімдеме жасады.
«Жылы аялдамалар жолаушылар үшін ыңғайлылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында орнатылады. Алайда түнгі уақытта олар жиі вандализмге ұшырап, күмәнді адамдардың орнына, лас заттардың көзіне айналатынына байланысты тұрғындардан шағымдар түседі.
Жүргізілген талдау нәтижесінде аялдамалардың жұмыс уақытын сағат 5:00-ден 23:30-ға дейін шектеу туралы шешім қабылданды. Осылайша, сағат 23:30-да аялдама павильондарының жарығы автоматты түрде өшіріліп, есіктері құлыпталып, дабыл сигнализациясы қосылады. Бұл шаралар муниципалдық мүлікті қорғауға, тазалықты сақтауға және адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Жұмыс процесін автоматтандыру жылы аялдамалардың тек қажетті уақытта ғана тиімді қызмет көрсетуін қамтамасыз етеді», – делінген аудан әкімдігінің хабарламасында.