Ол Конституцияның үш бағытын атап берді
Конституциялық комиссия отырысында Павлодар облысының мәслихатының төрағасы, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Сергей Теренченко жаңа Конституцияның жобасына павлодарлықтар белсенді атсалысқанын айтты, деп жазады Azattyq Rýhy.
«Мемлекет «халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын ұстанған жағдайда, Конституциялық комиссияның ашық әрі жауапты жұмысы мемлекет басшысы жариялаған саяси бағыттың заңды жалғасы болды. Жобаны талқылау және дайындау үдерісі шамамен жарты жылға созылып, сапалы әрі мазмұнды жұмыс жүргізуге мүмкіндік берді. Қоғамдық талқылау тек жұмыс топтарының аясымен шектелмей, e-Otinish және eGov платформалары арқылы, «Парламенттік реформа» арнайы бөлімі арқылы да ұсыныстар қабылданды.Павлодар облысында мәслихат бес партиядан құралған. Көппартиялы мәслихат тарапынан аталған платформалар арқылы жиырмадан астам ұсыныс жолданып, олардың басым бөлігі Конституция жобасында қолдау тауып, ескерілді», - деді Сергей Теренченко.
Оның айтуынша, Павлодар облысында депутаттар, қоғамдық кеңестер, сарапшылар, кәсіподақтар, ардагерлер кеңесі, Қазақстан халқы Ассамблеясы және жастар өкілдерімен Конституциялық реформа бойынша кездесулер өткізген.
«Павлодар облысы атынан комиссия жұмысына толық қолдау білдірілді.Барлық деңгейдегі мәслихат төрағалары мен партияның өңірлік филиалдары халықпен белсенді түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Кездесулер барысында айтылған барлық ұсыныстар комиссияға қарау үшін жолданып отыр», - деді ол.
Мәслихат төрағасы атағандай, мемлекет адамға бағытталған сипатқа ие болып, азаматтардың құқықтары мен бостандықтары Конституцияның бүкіл мазмұнына арқау болады.
«Екіншісі, адами капиталды дамытуға басымдық берілуі. Білім, ғылым, мәдениет және инновациялар мемлекеттік саясаттың жай бағыттары ғана емес, ел дамуының берік негізі ретінде бекітіледі. Цифрлық құқықтарға ерекше назар аударылуы қазіргі ақпараттық кеңістікте жеке тұлғаны қорғаудың маңызын көрсетеді. Саяси жүйені жаңғырту, бұл ретте мемлекеттің негізгі қағидаттары егемендік, унитарлық және аумақтық тұтастық өзгеріссіз қалады. Дайындалған жаңа Конституция жобасы жай ғана күрделі құқықтық құжат емес. Ол мемлекеттің алдағы даму бағытын айқындайтын стратегиялық бағдар және қоғам сұранысына, заман талаптарына толық жауап береді», - деді ол.