Макинск қаласында қызғылт түске боялған арық суы: сот компанияны жауапқа тартты

Автор: Асыл Арман

Макинск қаласында арықтардың ластанғаны белгілі болды

Фото: Видеодан скрин

Ақмола облысының Бұланды аудандық соты экологиялық рұқсат талаптарын орындамағаны үшін «Макинский завод» ЖШС-ге қатысты әкімшілік құқық бұзушылық ісін қарады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy облыстық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Макинск қаласында арықтардың ластануы

Сот кәсіпорынның Экология кодексінің талаптарын бұзғанын және ағын суларға арналған арықтарды зиянды заттармен ластағанын анықтады.

Тексеру қоғамдық ұйымның өтініші негізінде және әлеуметтік желілерде жарияланған бейнематериалдан кейін Экология департаменті тарапынан жүргізілген. Кадрларда Макинск қаласындағы арықтардағы судың қызғылт-қызыл түске боялғаны тіркелген.

Анықталғандай, аталған арық «Макинский завод» ЖШС-нің маңында орналасқан және тікелей кәсіпорын аумағынан бастау алады.

Рұқсат етілген шекті мөлшерден асу

Тексеру барысында мамандар су сынамаларын алған. Зертханалық талдау нәтижесінде төмендегі ластаушы заттар бойынша рұқсат етілген шекті концентрациядан асып кету фактілері анықталған:

  • аммоний азоты,
  • мыс,
  • темір,
  • сульфаттар,
  • хлоридтер,
  • хром,
  • марганец.

Сондай-ақ тексеру барысында экологиялық рұқсат шарттарының орындалмағаны белгілі болды.

Нұсқама және сот шешімі

Сот кәсіпорынды 2026 жылғы 9 ақпанға дейін анықталған заңбұзушылықтарды жою, сондай-ақ алдағы уақытта қоршаған ортаның ластануын болдырмау және алдын алу бойынша іс-шаралар жоспарын әзірлеуге міндеттеді.

«Макинский завод» ЖШС-нің кінәсі төмендегілермен дәлелденген:

  • процеске қатысушылардың айғақтарымен,
  • қоғамдық ұйымның өтінішімен,
  • фото және бейнематериалдармен,
  • тексеру актілерімен және іс материалдарындағы өзге де дәлелдермен.

Сот қаулысымен «Макинский завод» ЖШС әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 150 АЕК (648 750 теңге) мөлшерінде айыппұл салынды.

Сот актісі әзірге заңды күшіне енген жоқ.