БҚО-да азық-түлік құны еш себепсіз бірнеше есе қымбат бағада сатылған

Автор: Асыл Арман

Оларға айыппұл салынды

Фото: freepik.com

Қазіргі таңда әлеуметтік маңызы бар тауарларды сату үшін оған тек 15 пайыз үстеме қосып, сатуға рұқсат берілген. Алайда осы талапты бұзатындар жетіп артылады. Батыс Қазақстан облысы экономикалық тергеп-тексеру департаментінің таратқан ақпарына сүйенсек, өткен жылы аймақта тоғыз көтерме жабдықтаушы бағаны негізсіз қымбаттатқаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі «Мой город» басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

«Картопты сату кезінде бағаның 725,5%, пияз бойынша 381,5%, қарақұмық жармасы бойынша 225,8%, тауықтың сан еті бойынша 92,6%, ал тауық жұмыртқасы бойынша 54%-ға дейін негізсіз қымбаттатылғаны анықталды», – деп хабарлайды Батыс Қазақстан облысының экономикалық тергеп-тексеру департементі.

Бұдан бөлек, өңірде мемлекеттік сатып алу конкурсында әлеуметтік маңызы бар тауарлардың құнын жорта қымбаттатқан деректер тіркелген. Сала мамандары алты келісімшарттың күшін жойыпты.

«Жылдың басынан департамент бөлімшелері бірінші қажеттіліктегі азық-түлік өнімдерін жеткізу және олардың баға қалыптастыру тетіктеріне мониторингті күшейтті. Ағымдағы жылы конкурс жариялау кезеңінде облыстың жеті мекемесі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін сатып алу барысында шамамен 9,8 миллион теңге үнемдеді. Қазіргі уақытта тағы бір дерек қаралуда», – деп хабарлады Батыс Қазақстан облысының экономикалық тергеп-тексеру департаменті.