Оқыс оқиға 4 ақпан күні сағат 18:30 шамасында болды
Абай облысының Бесқарағай ауданында өрттің ортасында қалған тұрғындарды полиция қызметкері құтқарып қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқыс оқиға 4 ақпан күні сағат 18:30 шамасында жүргізіліп жатқан рейдтік іс-шаралар барысында болды.
Бесқарағай аудандық полиция бөлімінің ҚҚБ УПИ қызметкері полиция майоры Әсет Сағадиев қызметтік міндетін атқарып жүріп, Бесқарағай ауылындағы Юность көшесінде орналасқан тұрғын үйлердің бірінен қауіпті жағдайды байқайды. Тұрғын үйдің шатырындағы мұржа өртеніп жатқан еді.
Секундтармен саналған сол сәтте полиция майоры бір сәт те кідірмей, ең алдымен үй иесін және тұрғындарды дереу хабардар етті. Адам өмірі – бәрінен қымбат. Әсет Сағадиев тұрғындарды қауіпсіз жерге шығарып, олардың сабыр сақтауына көмектесті. Қауіп аймағында бірде-бір адамның қалмауын қадағалаған соң, ол жалынмен арпалысқа өзі кірісті.
Кәсіби дайындық, салқынқандылық пен батылдықтың арқасында полиция қызметкері өрттің кең етек жаюына жол бермеді. Ол шатырдағы отты сөндіруге белсене кірісіп, жалынның көрші пәтерлерге және бүкіл үй шатырына таралуына тосқауыл қойды. Егер сол сәтте уақытында әрекет жасалмағанда, өрттің салдары әлдеқайда ауыр болуы мүмкін еді.
«Сол күні кешкі рейд барысында Юность көшесі жақтан түтіннің көтеріліп жатқанын байқадым. Жақындап келгенде тұрғын үйдің шатырында өрт шыққанын көрдім. Уақыт жоғалтпай, ең алдымен үй иесін және тұрғындарды ескерттім. Барлығының қауіпсіз жерге шыққанына көз жеткізу мен үшін басты міндет болды», – дейді Әсет Сағадиев.