Тәжікстанда ауыр қылмыс жасаған азамат Алматы облысында қолға түсті

Автор: Асыл Арман

Оны полиция мен ҰҚК бірлесіп, қолға түсірді

Фото: istockphoto.com

Тәжікстанда ауыр қылмыс жасап, қашып жүрген азамат Алматы облысында қолға түсті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Полиция қызметкерлері мемлекетаралық іздеуде жүрген Тәжікстан Республикасының азаматын құрықтап, уақытша ұстау изоляторына қамады.

2026 жылғы 30 қаңтарда «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында Алматы облысының аумағында іздеуде жүрген тұлғаларды анықтау және ұстау мақсатында локальды-рейдтік іс-шаралар өткізілді.

«Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында республикалық маңызы бар Алматы – Бішкек автожолы бойында орналасқан қоғамдық тамақтану объектілерінің бірінде ер адам құрықталды.

Анықталғандай, ұсталған азамат 1994 жылы туған, Тәжікстан Республикасының азаматы болып табылады және Тәжікстан Республикасының қылмыстық заңнамасында көзделген ауыр қылмыстарды жасағаны үшін мемлекетаралық іздеуде болған. Оған қатысты бұрын бұлтартпау шарасы ретінде қамауға алу санкцияланған», – делінген хабарламада.

Қазіргі уақытта ұсталған тұлға Қарасай аудандық полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес процессуалдық іс-шаралар жүргізілуде.