Талдықорған полицейлері жергілікті тұрғынды травматикалық қарумен жарақаттаған 42 жастағы ер адамды ұстады, деп хабарлады өңірлік полиция департаментінің баспасөз қызметі
31 қазанға қараған түні қалалық полицияға 3-шағын аудандағы дәмхананың жанында атыс болғаны туралы қоңырау түсті. Оқиға орнына жеткен полиция қызметкерлері 45 жастағы ер адамның оқ жарақатын алғанын анықтады. Зардап шегуші Талдықорған қалалық ауруханасына жеткізілді.
Көп ұзамай полицейлер көрші үйлердің бірінде тұратын күдіктіні анықтап, оны полицияға жеткізді. Ұсталған кезде ол мас болған.
Жәбірленуші мен күдікті арасында жанжал туындағаны белгілі болды. Соңында олардың бірі қарсыласына бірнеше рет тапаншадан оқ атқан.