Әйел адам сот үкімімен бас бостандығынан айырылды
Павлодар қаласында тұрмыстық жанжал кезінде бірге тұрған ер адамды пышақтап өлтірген әйел 8 жылға сотталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұл оқиғаны Павлодар қаласының ПБ аға тергеушісі Бибарыс Құсайынов тергеп, аяқтады.
«Өткен жылдың наурыз айында мен көпқабатты тұрғын үйлердің біріндегі пәтерде болған адам өлтіру фактісі бойынша қылмыстық істі тергедім. Оқиға орнына жедел-тергеу тобы шықты. Анықталғандай, сол күні бірге тұратын ер мен әйел спирттік ішімдік ішіп отырған, олардың арасында жанжал туындаған. Ұрыс барысында әйел ер адамның қолындағы пышақты жұлып алып, кеуде тұсынан бір рет сұққан. Алған жарақат салдарынан ер адам оқиға орнында көз жұмды. Кейін әйел марқұмның анасына қоңырау шалып, болған жағдайды хабарлаған», – дейді ол.
Оқиға орнын тексеру барысында бірге тұратын азаматтардың спирттік ішімдікті жиі тұтынғаны анықталды. Бұған бос бөтелкелер мен қоқыстың көп болуы дәлел болды. Көршілері мен таныстары олардың арасында алкоголь қолдану салдарынан жиі жанжалдар болатынын айтты.
«Оқиға орнынан заттай дәлелдемелер тәркіленді. Күдікті сол күні уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ол өз кінәсін толық мойындады. Тергеу барысында күдіктінің әрекеті ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабының 1-бөлігімен, яғни басқа адамға қасақана заңсыз өлім келтіру – адам өлтіру ретінде сараланды. Объективті тергеу жүргізіліп, қылмыстық іс 26 сағат ішінде аяқталып, айыптау актісімен сотқа жолданды», – деп атап өтті Бибарыс Құсайынов.
Сот соққының қасақана және елеулі күш қолдану арқылы жасалғанын анықтады. Сараптамалар айыпталушының әрекеті мен адамның қаза болуы арасындағы себеп-салдарлық байланысты растады. Қылмыстық істің барлық материалдарын зерделей келе, сот айыпталушыға орташа қауіпсіздік мекемесінде 8 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.