Елнұр Бейсенбаев: Жаңа Конституция жобасы қоғамда кеңінен талқыланып жатыр

Автор: Асыл Арман

Айтуынша Ата заңның преамбуласына Қазақ елінің Ұлы Дала төсіндегі сан ғасырлық мемлекеттілігінің сабақтастығы шегелеп көрсетілген

Фото: istockphoto.com

Конституция жобасында Қазақ елінің сан ғасырлық мемлекеттілік сабақтастығы мен Құрылтай дәстүрі қайта жаңғыртылып отыр. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің депутаты, «АМАNАТ» партиясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев Конституциялық комиссияның кезекті отырысында мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Мәжіліс депутаты сөз басында бүгінде жаңа Конституция жобасы тек комиссияда ғана емес, қоғамда да қызу талқыланып жатқанын ерекше атап өтті.

«Бұл – жақсы үрдіс. Өйткені ол – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасының нақты іске аса бастағанының айқын дәлелі. Тағы бір атап өтерлік құбылыс – жаңа Конституция жобасына енгізілген түбегейлі бірқатар өзгерістің жұртшылық тарапынан ерекше қызығушылық туғызуы.

Атап айтқанда, Ата заңның преамбуласына Қазақ елінің Ұлы Дала төсіндегі сан ғасырлық мемлекеттілігінің сабақтастығы шегелеп көрсетілген. Осы басты идея Конституцияның өн бойында желі тартып жатыр.

Сондай-ақ, сақ, ғұн дәуірінен тамыр тартқан, Түркі қағанатында кеңінен қанат жайған, Дешті Қыпшақ, Ұлық ұлыс, Қазақ хандығына ұласқан, алғашқы хандарымыз Керей мен Жәнібектен қалған мемлекеттілік дәстүрімізде ерекше орын алған Құрылтай шақыру үрдісі қайта жаңғыртылып отыр. Жоғары заң шығарушы орган – Құрылтай атанды. Бұл да – тарихи сабақтастық әрі ерекше оқиға. Осынау тарихи атауды қайта жаңғыртуымыз – бабалар аманатына адалдықтың айқын көрінісі емес пе?!» – дейді Елнұр Бейсенбаев.

Мәжілісмен сөзін жалғай отырып, Конституция жобасының 4-бабында «Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы және егемендік иесі – халық» деп нықтап бекітілгенін тілге тиек етті.

«Осының барлығы түбегейлі өзгеріс, тарихи әділеттілікті қайта қалпына келтіру, елдігімізді нығайту, мемлекеттілігімізді күшейту, Тәуелсіздігіміздің іргесін бекемдеу емес пе?! Әйгілі жазушы Әбіш Кекілбайұлы айтқандай, «Бағалай білмегенге бақ қонбайды, қуана білмегенге құт қонбайды». Сондықтан біз осындай келелі өзгерістерді бағалай білуіміз керек.

Құрметті әріптестер! Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіп жатқан реформалар жұртшылықтың елдік істерге қатысуын күшейте түсті. Қоғам саяси процестерге белсенді араласа бастады. Мұны қазіргі Конституция жобасы бойынша да талқылаулардан анық көріп отырмыз. Ең маңыздысы – талқылау процесі ашық өтуде. Ол тікелей эфирде көрсетіліп жатыр. Талқылауға әртүрлі буын өкілдері, түрлі мамандық иелері мен алуан көзқарастағы азаматтар қатысуда», – дейді депутат.