Науқастарды қосымша 80 адамдық төсек-орынмен қамтамасыз етуге мүмкіндік туды
Маңғыстау облысында пневмониямен ауыратын науқастарға арналған екі провизорлық станционар ашылды. Енді науқастарды қосымша 80 адамдық төсек-орынмен қамтамасыз етуге мүмкіндік туды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.
Правизорлық станционарлардың бірі Мұнайлы ауданында ашылды. Мұнда 40 орын қарастырылыпты. Стационар жергілікті дәрігерлік амбулатория базасында бөлінген. Оған Мұнайлы ауданынан емделушілер келіп түседі. Дәрігерлердің айтуынша, мұндағы науқастардың жағдайы тұрақты. Оларға төрт дәрігер мен алты медбике қызмет көрсетеді.
«Реанимациялық орталық жоқ. Сондықтан жағдайы орташа науқастарды осында қабылдаймыз. Қазіргі таңда іште 27 науқас жатыр. Барлығы пневмонияға шалдыққан. Кислород, дәрі барлығы жеткілікті. Олардың жағдайын жіті бақылап отырмыз», - дейді терапевт Кеңес Айтымов.
Ал Қарақиядағы стационар ірі мұнай компаниясы жатақханасының ғимаратында ашылды. Мұнда да 40 орын бар.
Айта кету керек, Маңғыстау облысында коронавирус пен пневмонияға шалдыққан науқастарды қабылдау үшін 860 орын қарастырылған.