Үкімет Жамбыл ауданын жаңа ядролық нысанның құрылысына ресми түрде бекітті
Қазақстан Үкіметі ел аумағында екінші атом электр стансасын салу туралы түбегейлі шешім қабылдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
2026 жылғы 26 қаңтарда қабылданған Үкімет қаулысына сәйкес, «Екінші атом электр стансасы» ядролық қондырғысының құрылысы Алматы облысының Жамбыл ауданында жүзеге асырылады. Тиісті құжат «Әділет» нормативтік құқықтық актілерінің ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланып, қол қойылған күннен бастап заңды күшіне енді.
«Екінші атом электр станциясы" ядролық қондырғысының құрылысы және ядролық қондырғы құрылысының ауданы болып Алматы облысының Жамбыл ауданын анықтау туралы шешім қабылдансын»,- делінген құжат мәтінінде.
Айта кетейік, 2025 жылдың тамыз айында Алматы облысындағы Үлкен ауылы маңында Қазақстан тарихындағы алғашқы атом электр стансасының құрылысы ресми түрде басталған еді.
Былтыр 25 қыркүйек пен 10 қазан аралығында Атом электр станциясына үздік атау беру бойынша жалпы халықтық конкурс жарияланып, ел азаматтарынан 27 мыңнан астам ұсыныс түскен. Конкурс комиссиясы қорытындылай келе, алғашқы АЭС атауын «Балқаш» деп бекітті.