Қазақстандықтар дәрі-дәрмек бағасына ұялы қосымша арқылы шағымдана алады
Қоғамдық мониторинг және бағаны бақылау үшін мобильдік қосымша әзірленді
Қазақстанда қоғамдық мониторинг және бағаны бақылау үшін DARI.KZ мобильдік қосымшасы әзірленді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі ҚР ДСМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігі жарты жылда бір рет бөлшек және көтерме сауда үшін дәрі-дәрмектің шекті бағасын бекітеді. Бұл дәрілік заттар нарығындағы алыпсатарлықтың алдын алады және бағаның негізсіз өсуіне жол бермейді. Министрліктің бұйрығына сәйкес елімізде дәріханалардағы дәрі-дәрмектің құны белгіленген шекті бағадан аспауы тиіс. Әрбір препараттың бағасы бөлек жазылған.
«Қоғамдық мониторинг және бағаны бақылау үшін DARI.KZ мобильдік қосымшасы әзірленді, ол арқылы әр адам дәріханадағы дәрі-дәрмектің бағасын бақылай алады. Баға негізсіз қымбаттаса, қосымшаға шағым жазуға болады. Шағымды ҚР ДСМ Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің аумақтық бөлімшелері тексереді. Жыл басынан бастап DARI.KZ мобильді қосымшасына дәрілік заттардың бекітілген шекті бағасына қатысты жеке тұлғалардан 191 өтініш түсті», - делінген хабарламада.
ДСМ өкілдерінің хабарлауынша, дәріханаларда дәрі-дәрмекке қатысты даулы жағдайларды ескере отырып, әкімдіктердің жанынан дәрі-дәрмектің шекті бөлшек және көтерме бағаларының сақталуын тексеретін мониторинг топтары құрылды.