Кәсіпкерден бюджетке 44 млн теңге төлеуді талап еткен
Ақтөбеде Мемлекеттік кірістер департаментінің бас маманы ірі көлемде пара алғаны үшін айыпты деп танылды. Шенеунік кәсіпкердің «мәселесін шешіп беру» үшін 3 млн теңге талап еткен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Диапазон» басылымына сілтеме жасап.
Бәрі 2024 жылдың қаңтарында басталған. Комитет 2021-2023 жылдары Қазақстанға әкелінген көліктердің декларациясын тексеріп, Ақтөбедегі тасымалдаушыдан қателік тапқан.
Мемлекеттік кірістер департаменті кәсіпкерден бюджетке 44 млн теңгетөлеуді талап етіп, сотқа жүгінген. Сот процесі ұзаққа созылған: бір инстанция департаментті, екіншісі кәсіпкерді қолдап, жағдай ушыға түскен.
2024 жылдың қыркүйегінде кезекті тексеріс басталғанда, департаменттің бас маманы кәсіпкерге «көмек» ұсынған. Ол тексерісті тоқтату үшін 3 миллион теңге сұраған. Кәсіпкер бұл бопсалау туралы бірден Ұлттық қауіпсіздік комитетіне хабарлайды.
Жедел операция қалай өтті: Жүргізуші нұсқауымен 1 миллион теңге Nissan Maxima көлігіне салынды. Маресьев көшесіндегі дәмхана маңында қалған 2 миллион теңге берілген сәтте күдікті қолға түсті.
Сот залында айыпталушы кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкінетінін айтып, кешірім сұрады. Алайда заңның аты – заң.
Сот шешімімен экс-шенеунік пара алғаны үшін кінәлі деп танылып, оған 67,5 миллион теңгекөлемінде әкімшілік айыппұл салынды. Бұл ол талап еткен пара көлемінен 22 еседен астам көп.