Дүкеннен басталған тілсіз жау жоғары қабаттағы пәтерлерге де қауіп төндірген
Сәтбаев қаласындағы бесқабатты үйлердің бірінде ірі өрт шығып, құтқарушылар тұрғындарды шұғыл түрде қауіпсіз жерге шығарды. Дүкеннен басталған тілсіз жау жоғары қабаттағы пәтерлерге де қауіп төндірген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Төтенше жағдайлар министрлігіне сілтеме жасап.
Оқиға 2026 жылдың 1 ақпанында Сәтбаев қаласының орталық көшелерінің бірінде болған. Мәңгілік Ел көшесінде орналасқан бесқабатты тұрғын үйге жапсарлас салынған азық-түлік дүкенінен өрт шыққан.
Өрт дүкен ішін шарпып, қою түтін бірден жоғары қабаттарға тарай бастаған. Оқиға орнына жеткен ТЖМ мамандары баспалдақ арқылы 10 тұрғынды, соның ішінде үш баланы жедел түрде эвакуациялады. Өрттің жалпы ауданы 70 шаршы метрді құрады.
Құтқарушылардың кәсібилігінің арқасында оттың тұрғын үйдің пәтерлеріне өтуіне жол берілмеді.
Бақытқа орай, өрт салдарынан қаза тапқандар мен жарақат алғандар жоқ. Өрт қысқа мерзім ішінде толық сөндірілді.
Министрлік кәсіпкерлер мен тұрғындарға өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтау қажеттігін тағы да еске салады.
«Тұрғын үйлерге жапсарлас нысандардағы өрт өте қауіпті, себебі түтін желдету жүйелері мен баспалдақтар арқылы тез таралып, адамдардың өміріне қауіп төндіреді», — деп атап өтті ведомстводан.
Қазіргі уақытта мамандар өрттің шығу себебін анықтап жатыр.