ТЖМ бір жылда 400-ден астам жануарды құтқарды

Автор: Дәулет Ботагөз

Тізімде үй жануарларымен қатар, ақбөкен, түлкі, тіпті жыландар да бар

Фото: ТЖМ

Қазақстандық құтқарушылар үшін әрбір жан иесі маңызды. 2025 жылы Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелері еліміз бойынша 404 жануарды ажалдан арашалап қалған. Бұл тізімде үй жануарларымен қатар, ақбөкен, түлкі, тіпті жыландар да бар.э, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қай жануарлар жиі құтқарылды?

Құтқарушылардың көмегіне мұқтаж болған жануарлардың ішінде көш бастап тұрғандары:

  • Мысықтар – 94;
  • Жылқылар – 80;
  • Иттер – 77.

Ақтөбедегі мұз астындағы арпалыс

Ақпан айында Елек өзенінде нағыз драма болды. Мұз астына түсіп кеткен жылқының тек басы ғана көрініп тұрған. Көлік бара алмайтын жер болғандықтан, құтқарушылар оқиға орнына жаяу жетіп, үш сағат бойы мұзды отап, жануарға жол ашты. Ақыр соңында жылқы аман-есен жағаға шығарылып, жылы қораға орналастырылды.

9 метрлік тереңдік пен битумдағы тұтқын

Құтқарушылардың жұмыс кестесінде ерекше оқиғалар аз емес:

Қостанай облысында Алтын-Дала ауылында күшік 9 метрлік құдыққа құлап кеткен. Құтқарушы альпинистік жабдықпен тереңге түсіп, жануарды зақымсыз алып шықты.

Елордалық ит Байқоңыр ауданында битумға батып қалған. Мамандар қолда бар құралдардың көмегімен жануарды тұтқыннан босатып, иесіне табыстады.

Қарағандыда шатырда қалған, әлі көзі ашылмаған жаңа туған марғау да жедел әрекеттің арқасында аман қалды.

Өрт кезіндегі ерлік

Жыл соңында, 24 желтоқсанда көпқабатты үйдің жертөлесінен өрт шықты. Құтқарушылар 9 адамды эвакуациялап қана қоймай, қою түтін ішінде ес-түссіз жатқан итті тауып алды. Жануарға алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, ол қайта тірілді.

«Жануарларды құтқару — біздің күнделікті апаттық-құтқару жұмысымыздың ажырамас бөлігі. Адам ба, жануар ма — көмекке мұқтаж кез келген жан біз үшін маңызды нысан болып қала береді», — деп атап өтті ТЖМ өкілдері.