Құтқарушылар бұл жолғы оқиғаның кешегі өртпен тікелей байланысы жоқ дейді
Павлодарда Ертіс өзені арқылы өтетін жаңа көпір құрылысында тағы да өрт шықты. Бір қызығы, құтқарушылар бұл жолғы оқиғаның кешегі өртпен тікелей байланысы жоқ екенін айтып отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
2026 жылдың 1 ақпанында Павлодар облыстық Төтенше жағдайлар департаментіне көпір құрылысынан тағы да өрт шыққаны туралы хабарлама түсті. Оқиға орнына жеткен өрт сөндіру бөлімшелері №5 тіреудегі құрылымдардың жанып жатқанын анықтады.
Көпір тіреуіндегі оқшаулағыш материалдар, қорғаныс жабындары мен қалыптың ағаш бөліктері отқа оранған. Сөндіру жұмыстарына биіктіктегі жетуі қиын учаскелер кедергі келтірді. Тілсіз жау жалпы 100 шаршы метр аумақты шарпыды.
Құтқарушылардың жедел әрекетінің арқасында от көпірдің басқа бөліктеріне жайылып үлгермеді. Бақытқа орай, бұл жолы да зардап шеккендер жоқ.
ТЖД мамандары өрттің шығу себебіне қатысты алдын ала болжамды жариялады:
Өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамау салдарынан электр жүйесінде ақау шыққан болуы мүмкін.
Мамандар кешегі және бүгінгі өрттің арасында тікелей байланыс жоқ екенін баса айтты. Яғни, бұл — жаңадан шыққан өрт ошағы.
«Бір нысанда қатарынан екі рет өрт шығуы құрылыс алаңындағы қауіпсіздік шараларының қаншалықты сақталып жатқанына күмән келтіреді», — дейді мамандар.
Қазіргі уақытта құрылыс нысанында тергеу амалдары жүріп жатыр. Көпір конструкциясының қаншалықты зақымдалғанын арнайы комиссия анықтайды.
Айта кетсек, бұған дейін Павлодар қаласында салынып жатқан жаңа көпір нысанында ірі өрт болды. Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары отты 30 метр биіктікте сөндіруге мәжбүр болғаны хабарланған еді.