Олар қауіпсіз жерге эвакуацияланды
Елордалық құтқарушылар Майбалық көлінде қар құрсауында қалған екі балықшыға көмекке келді. Төтенше жағдайлар министрлігінің мамандары азаматтарды қауіпсіз жерге эвакуациялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқиға 1 ақпан күні таңертең ерте болған. Астана маңындағы Майбалық көліне балық аулауға шыққан екі азамат көліктері қарға батып, өздігінен шыға алмайтынын түсінген соң, шұғыл түрде құтқару қызметіне хабарласқан.
Оқиғадан 1983 және 1989 жылы туған екі ер адам зардап шеккен. ТЖМ күштері дереу іздестіру-құтқару жұмыстарын ұйымдастырып, оқиға орнына жетті. Балықшылар мен олардың көлігі қар құрсауынан шығарылып, қауіпсіз жерге жеткізілді.
Құтқарылған азаматтардың денсаулығына ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Оларға медициналық көмек қажет болмады.
«Құтқарушылар өте жедел әрекет етті. Таңғы суықта қар астында қалып қою қауіпті еді, дер кезінде көмекке келгендері үшін үлкен алғыс айтамыз», — деді балықшылар.
Төтенше жағдайлар министрлігі балықшылар мен демалушыларға келесі ережелерді сақтауды еске салады:
1. Ауа райын тексеру: Жолға шықпас бұрын боран мен жел туралы ескертулерді міндетті түрде қараңыз.
2. Дайындық: Өзіңізбен бірге жылы киім, күрек, арқан және байланыс құралдарын (қуатталған телефон) алыңыз.
3. Белгісіз жол: Таныс емес немесе қар қалың түскен жерлермен көлік айдаудан аулақ болыңыз.