Пойыздар қозғалысы шектелді
Талдықорған станциясындағы жекеменшік кірме жолда бес цистерна өздігінен қозғалып, апатқа ұласты. Соның салдарынан Талдықорған – Қарабұлақ аралығындағы теміржол қатынасы уақытша тоқтатылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оқиға 31 қаңтар күні сағат 21:36-да «Bars Build» ЖШС-не тиесілі жекеменшік кірме жолда болған. №215 қосу жолында тұрған жүк тиелген бес цистерна күтпеген жерден орнынан қозғалып кеткен.
Бес вагонның екеуі №214 сақтандыру жолының тұйық тіреуіне соғылып, рельстен шығып кетті. Адам шығыны жоқ. Цистерналардан жүктің (сұйықтықтың) төгілуі немесе ағуы тіркелмеген.
Апат салдарын жою үшін оқиға орнында ТЖД күштері жұмыс істеп жатыр. Оған 25 маман мен 7 бірлік техника жұмылдырылды.
1 ақпан сағат 00:25-тен бастап Талдықорған – Қарабұлақ теміржол аралығы қозғалыс үшін жабылды. Апат салдарынан №3604 пойызы жолда бөгеліп қалды.
«ҚТЖ» ҰК» АҚ бұл оқиға компанияның жауапкершілік аймағына кірмейтін жекеменшік жолда болғанын ресми түрде мәлімдеді.
Қазіргі уақытта арнайы комиссия құрылып, вагондардың өздігінен қозғалып кету себептерін анықтап жатыр.