Партия қызметі қоғам күн тәртібіндегі өзекті мәселелерге бағытталғаны айтылды
«AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек «Единая Россия» партиясының Бас кеңесі хатшысы Владимир Якушев бастаған делегациямен кездесті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «AMANAT» партиясының баспасөз қызметі.
Кездесу барысында Дәулет Кәрібек ресейлік әріптестеріне «AMANAT» партиясы қызметінің негізгі бағыттары туралы баяндап, партия Мемлекет басшысының қоғамдық-саяси тірегі ретінде Президенттің реформалар бағытын жүзеге асыруда алдыңғы шепте тұрғанын атап өтті.
Сондай-ақ партия қызметі қоғам күн тәртібіндегі өзекті мәселелер мен азаматтардың нақты сұранысына бағытталғаны айтылды.
«AMANAT» партиясының басты назарында – еңбек адамдары, жастар мен аға буын өкілдері, мұғалімдер мен дәрігерлер, көпбалалы отбасылар, мүгедектігі бар адамдар.
Сонымен қатар партия экологияны жақсарту, тұрғындардың цифрлық және қаржылық сауаттылығын арттыру, кәсіпкерлікті дамыту бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді.
Осы орайда жаңартылған келісім аясында «AMANAT» партиясы партиялық қызметті ұйымдастыру және партиялық институттарды дамыту бағытындағы үздік тәжірибелерімен бөлісуге дайын екенін білдірді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар жаңартылған келісім партияаралық өзара іс-қимылдың тұрақты сипатын айқындайтынын, сондай-ақ Қазақстан мен Ресей арасындағы серіктестіктің жоғары деңгейін, тұрақты диалог пен өзара сенімге негізделген қарым-қатынасты тағы бір мәрте растайтынын атап өтті.