2025 жылдың қорытындысы жарияланды
Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап еліміздің ең маңызды әлеуметтік жобаларының бірі «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы іске асырылуда, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бағдарлама жас қазақстандықтардың ересек өмірді табысты бастауы үшін қажет бастапқы жинақтарын қалыптастыруға бағытталған. Жинақтарды тұрғын үй жағдайын жақсартуға және/немесе білім алу үшін пайдалануға немесе зейнетақы жинақтары ретінде болашаққа сақтап қалуға болады.
Жыл сайын кәмелетке толмаған балаларға олардың БЖЗҚ-дағы шоттарына Ұлттық қордан нысаналы талаптар түріндегі қаржы, сондай-ақ инвестициялық кіріс есептеледі. Балалар кәмелетке толған кезде жинақталған талаптар олардың БЖЗҚ-дағы нысаналы жинақтау шоттарына нысаналы жинақтар түрінде есептеледі.
2025 жылдың қорытындысы бойынша бағдарламаға қатысушы 6 918 656 әр қазақстандық балаға 130,71 АҚШ доллары мөлшерінде кезекті сома есептелді.
Естеріңізге сала кетейік, жыл сайын Ұлттық қордың инвестициялық кірісінің 50% Қазақстан азаматы саналатын барлық балалар арасында теңдей бөлінеді. Балалар туралы деректер алдыңғы жылдың 31 желтоқсанындағы жағдай бойынша «Жеке тұлғалар» мемлекеттік дерекқорынан алынады.
Сонымен қатар бағдарламаға қатысатын кәмелетке толмаған балалардың бұған дейін қалыптасқан талап сомаларына жыл сайын қосымша инвестициялық кіріс есептеледі.
Нәтижесінде бағдарламаға қатысатын балалардың барлық нысаналы жинақтарының жиынтық мөлшері (жыл сайын қосымша есептелетін инвестициялық табысты қоса алғанда) келесі сомаларды құрады:
Естеріңізге сала кетейік, 18 жасқа дейінгі балаларға жыл сайын Ұлттық қордан алынған сомалар олардың БЖЗҚ-да ашылған шоттарында ескерілетін нысаналы талаптар түрінде есептеледі. Бұл ретте балаларға есептелген сомалар Ұлттық қор активтері құрамында қалып, инвестицияланады. Инвестициялауды жалғастырудың арқасында жыл сайын әр баланың нысаналы талаптарының сомасы алынған инвестициялық кіріс есебінен қосымша өсіп отырады.
Бағдарлама басталғаннан бері Ұлттық қордан барлық балаға есептелген қаражат мөлшері шамамен 2,5 млрд АҚШ долларын құрады.
2026 жылы 356 613 Қазақстан азаматы 18 жасқа толады және олар өздерінің нысаналы жинақтарын пайдалану құқығына ие болады.
Естеріңізге сала кетейік, балалар кәмелетке толатын жылы олардың нысаналы талаптары нысаналы жинақтарға айналып, жыл басында автоматты түрде БЖЗҚ-дағы нысаналы жинақтау шотына АҚШ долларымен есептеледі.
18 жасқа толған күннен бастап олар бұл қаражатты тұрғын үй жағдайын жақсартуға немесе білім алуға өз бетінше пайдалана алады немесе зейнетақы жинақтары ретінде болашаққа сақтап қалуға құқылы.
Бағдарламаға қатысатын балалардың толық тізімін қалыптастыру кезінде БЖЗҚ "Жеке тұлғалар" мемлекеттік дерекқорынан ақпараттық жүйелерді интеграциялау арқылы алынған мынадай мәліметтерді ескереді:
2025 жылдың қорытындысы бойынша бағдарламаға қатысушылардың санын айқындау кезінде сонымен қатар бұған дейін тізімге енгізілмеген, оның ішінде «Жеке тұлғалар» мемлекеттік дерекқорындағы толық емес немесе өзектілігін жоғалтқан деректер анықталған жағдайларды қоса алғандағы балалар да ескерілді. Оларға өткізіп алған кезеңдегі қаражат инвестициялық кіріс есебімен бірге толық көлемде есептеледі.
18 жасқа толмаған баланың Бағдарламаға қатысуы туралы ақпаратты ата-аналары мен заңды өкілдері баланың ЖСН бойынша kids.enpf.kz сайты, eGov mobile мобильді қосымшасы арқылы тексере алады.
Кәмелетке толған қатысушылар enpf.kz сайтындағы жеке кабинетінде, БЖЗҚ мобильді қосымшасында және электрондық үкіметтің eGov mobile мобильді қосымшасында өз бетінше тексере алады.
Жинақтарын пайдалану туралы шешім қабылдағаннан кейін, жастар АҚШ долларында банктік шот ашу және төлемге онлайн өтініш беру үшін уәкілетті операторға жүгінуі керек. Өтінішті интернет-ресурс немесе уәкілетті операторлардың бірінің мобильді қосымшасы арқылы беруге болады: «Отбасы банкі» АҚ (тұрғын үй жағдайларын жақсарту және білім беру ақысын төлеу мақсатында), «Қазақстан Халық банкі» АҚ, «Банк ЦентрКредит» АҚ (білім беру ақысын төлеу мақсатында).
«Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы болашақ ұрпақтың өмірлік мақсаттарына жету үшін қаржылық қорын құруға ықпал ететін ұзақмерзімді стратегия.
Нысаналы талаптарға қатысушылар мен нысаналы жинақтарды алушылар, сондай-ақ нысаналы жинақтарды тұрғын үй жағдайларын жақсарту және (немесе) білім алу ақысын төлеу мақсатында пайдалану жөніндегі статистикамен enpf.kz сайтында танысуға болады.