Оқиға бойынша жәбірленуші ретінде танылған 24 жастағы қала тұрғыны тергеу амалдарының аяқталғанын мәлімдеді
Семей қаласында тұрғынды түнгі уақытта қудалап, жұрттың үрейін ұшырған қыз психиатриялық медициналық мекемеге жатқызылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Зардап шеккен қала тұрғыны Аружанның айтуынша, құқық қорғау органдары істі толық зерделеп, нәтижесінде күдікті арнайы медициналық бақылауға алынған.
Жәбірленуші бастапқыда қылмыстық жаза қолдануды немесе күдіктінің бас бостандығынан айырылуын талап етпеген. Ол тек өз қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін, күдіктінің өзіне жақындауына заң жүзінде тыйым салу мәселесін көтергенін жеткізді.
Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік желілерде Семей қаласының тұрғыны жариялаған бейнежазба қоғамда қызу талқыға түскен еді. Видеода бойжеткен өзін белгісіз әйелдің ұзақ уақыт бойы аңдып, түнгі мезгілде соңынан ергенін айтып, көмек сұраған.
Аталған жағдай қоғамда жеке қауіпсіздік, психикалық денсаулық және сталкинг мәселелеріне қатысты кең ауқымды пікірталас туғызды.