Ақтөбеде мектеп директоры 250 мың теңге пара аламын деп 7,5 млн теңге айыппұл арқалады

Автор: Асыл Арман

Мектеп басшысы қызметтік кабинетінде ақшаны алған сәтінде ұсталды

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Ақтөбеде мектеп директоры мердігерден пара алғаны үшін сотталды. Білім беру мекемесінің басшысы заңсыз сыйақы берілмесе, атқарылған жұмыс актісіне қол қоюдан бас тартқан. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі «Диапазон» басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Сот дерегінше, алынған параның көлемі 250 мың теңгені құраған.

Жергілікті кәсіпкер М.Дулатұлы атындағы №63 мектеп-лицейінде қызмет көрсету бойынша мемлекеттік тендерді жеңіп алған. Келісімшартқа сәйкес, жөндеу жұмыстары көзделген.

Жұмыстарды мердігер жұбайымен бірге орындаған. Алайда процесс барысында техникалық қиындықтар туындап, жабдықтардың бір бөлігі Android платформасында орнатуға келмеген.

Тергеу барысында анықталғандай, мектеп директоры жағдайды пайдаланып, атқарылған жұмыстар актісіне қол қою үшін 300 мың теңге талап еткен. Ол бұл үшін сотқа талап арыз бермеуге және мердігерді мемлекеттік сатып алулардың жосықсыз қатысушысы деп танымайтынына уәде берген.

Келіссөздер нәтижесінде талап етілген сома 250 мың теңгеге дейін төмендетілген. Мердігер уақыт сұрағанымен, ақша берудің орнына келісімшарттағы барлық кемшілікті жойып, жабдықтарды толық жұмыс істейтін күйге келтірген.

Соған қарамастан, мектеп директоры құжаттарға қол қоюдан бас тартып, пара талап етуін жалғастырған. Осыдан кейін ерлі-зайыптылар құқық қорғау органдарына жүгінген.

Мектеп басшысы қызметтік кабинетінде ақшаны алған сәтінде ұсталды.

Қылмыстық іс айыптау үкімімен аяқталды. Сот әйелді пара алғаны үшін кінәлі деп танып, 7,5 млн теңге көлемінде айыппұл салу және өмір бойына мемлекеттік қызметте лауазым атқаруға тыйым салу жазасын тағайындады.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.