Ақтөбеде мұғалім оқушыларын ҰБТ-дан өткізіп беремін деп әрқайсысынан 560 мың теңге алып отырған

Автор: Аягөз Құрмаш

Ол бір баллдың құны 7 мың теңге деген

Фото: istockphoto.com

Ақтөбе қаласының №2 сотында екі немесе одан да көп адамға қатысты алаяқтық жасады деген айыппен сотталушы Ж-ға қатысты қылмыстық іс қаралды. Ол Қылмыстық кодексінің 190-бабы 3-бөлігі бойынша айыпталған, деп жазады Azattyq Rýhy.

Сот барысында анықталғандай, сотталушы «Ж» мектеп мұғалімі бола тұра, жәбірленушілерге Ұлттық бірыңғай тестілеуден (ҰБТ) өткізіп беруге уәде еткен. Ол әр баллдың құны 7 000 теңге екенін айтып, 80 балл жинау үшін әр жәбірленушіден 560 000 теңге талап еткен.

Сотталушының қылмыстық әрекеттері салдарынан әр жәбірленушіге 560 000 теңге көлемінде материалдық шығын келтірілген. Сот отырысы барысында сотталушы «Ж» өз кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкініш білдірді.

Сотталушының кінәсі жәбірленушілердің берген жауаптарымен, банк шоттарынан алынған үзінділермен, сондай-ақ қылмыстық істің өзге де материалдарымен толық дәлелденді.Сот үкім шығару кезінде кінәні толық мойындауын, жасаған әрекетіне өкінуін және жас балаларының болуын жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде ескерді.
Ал ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.

«Сот үкімімен сотталушы «Ж» ҚК-нің 190-бабы 3-бөлігінің 3) тармағы бойынша кінәлі деп танылып, 3 жылға педагогикалық қызметпен айналысу құқығынан айырылып, 3 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді. «Қазақстан Республикасы Конституциясының отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» 2025 жылғы 23 маусымдағы Заңына сәйкес, тағайындалған негізгі жазаның өтелмеген бөлігінің мерзімі үштен біріне қысқартылды.Осылайша, сотталушыға түпкілікті 2 жыл 4 айға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды», - деп хабарлады Ақтөбе соты.