Заң мен тәртіпке конституциялық пәрмен беру уақыт талабына сай – мәслихат депутаты

Автор: Аягөз Құрмаш

Бұл өзгерістер 2019 жылдан бері халық қолдаған саяси реформалардың заңды жалғасы, дейді ол 

Фото: видеодан скриншот

Қызылорда облысы мәслихатының депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Мұрат Тілеуімбетов Ұлттық құрылтайдан кейінгі реформалардың маңызын түсіндірді, деп жазады Azattyq Rýhy.

«Қазақстанда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Әділетті Қазақстанның конституциялық негізін күшейтетін ауқымды реформалардың басты бағыттарын айқындады. Бұл бастамалар «еститін мемлекет» тұжырымдамасы аясында Конституцияның жаңарған үлгісін қалыптастыруды көздейді. Қазіргі әлемдегі геосаяси тұрақсыздық жағдайында еліміздің жалпыұлттық тұрақтылығы мен бірлігі ерекше маңызға ие.Елді жаңғыртудың жаңа кезеңінде қоғамдық келісімді нығайту, халықтың тұрмыс сапасын арттыруды нақты конституциялық негізде бекіту – уақыт талабы», - деді ол.

Мәслихат депутатының айтуынша, осыған байланысты қолға алынған конституциялық бастамалар 2019 жылдан бері халық қолдаған саяси реформалардың заңды жалғасы.

«Әрбір норма еліміздің қауіпсіз болашағын айқындайтындықтан, олар жан-жақты талқылануы тиіс.Конституциялық өзгерістерді талқылау барысында айтылған әртүрлі пікірлер «біртұтас ұлт» қағидатының нақты көрінісі. Замана сын-қатерлеріне оңтайлы жауап беру – әрбір отансүйгіш азаматтың ортақ міндеті. Жаңғыру үдерісі кезінде азаматтарға мемлекеттік маңызы бар мәселелерді шешуге тікелей қатысу мүмкіндігі беріледі. Өзіне сенімді ел талапты алдымен өзінен қояды. Қоғамдағы тәртіп пен тұрақтылықты сақтау бостандықты шектеу емес, керісінше демократияға қарсы әрекеттердің алдын алу болып табылады. Қоғамдық келісім сақталған жағдайда ғана кез келген сын-қатерге тиімді қарсы тұруға болады», - деді ол.

Тілеуімбетов атағандай, саясатта пікірталастың болуы заңды, алайда ол ұлттық мүддеге зиян келтірмеуі тиіс.

«Өйткені елдің шынайы күші – бірлікте. Заң үстемдігі әр азаматтың өзіне тиесілі құқықтары мен бостандықтарын толық іске асыруына қажетті алғышарт болып табылады. Заң мен тәртіпке конституциялық деңгейде пәрмен берілуі – еліміздің жаңғырудың жаңа кезеңіндегі мақсаттарына жетудің басты факторы. Ұлттық құндылықтарды, елдің идеологиялық бағдарын Конституцияның кіріспесіне енгізу туралы пікірлер орынды. Негізгі заңда адамның ең жоғары құндылық екені, оның құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету мемлекеттің басты міндеті ретінде айқындалуы тиіс», - деді ол.