Қазақстанда бірнеше аптада наркобарондардан 325 келі есірткі табылды

Автор: Асыл Арман

Ұйымдасқан екі қылмыстық топ ұсталды

Фото: ЖИ арқылы жасалды/ChatGPT

Қазақстанда жыл басынан бері жүргізілген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде ел аумағында синтетикалық есірткі өндіретін ірі зертхана мен екі ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметі тоқтатылды. Сол сияқты есірткі өткізудің 118 фактісі анықталып, заңсыз айналымнан жалпы салмағы 325 келі болатын есірткі заттары тәркіленді. Оның жартысына жуығы – синтетикалық есірткі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қостанай қаласында ерлі-зайыпты ұсталып, олардың пәтерін тінту кезінде 360 грамм мефедрон психотроптық заты табылды. Ал Шымкентте 20 жастағы азамат қолға түсіп, одан жарты келіден астам мефедрон тәркіленді.

Сондай-ақ ойын-сауық орындарында тұрақты түрде рейдтік іс-шаралар жүргізілуде. Мәселен, Алматыдағы түнгі клубтардың бірінде синтетикалық есірткіні жұмыс орнында өткізумен айналысқан аспаз ұсталды. Барлық күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.

ІІМ 1 қаңтардан бастап Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен тізімге енген күшті әсер ететін заттардың заңсыз айналымы үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілгенін еске салады. Аталған тізімге «көңіл көтеретін газ» аталып кеткен азот оксиді де кіреді.

Бірқатар өңірде азот оксидін заңсыз тасымалдау және сақтау бойынша үш фактінің жолы кесілді. Астана – Петропавл автожолында автокөліктен көлемі 10 литр болатын үш металл баллон табылса, Алматыда екі лаундж-бардан 16 баллон тәркіленді.

Барлық фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталып, тиісті сараптамалар тағайындалды. Дәрігердің нұсқауынсыз азот оксидін тұтыну адам өмірі мен денсаулығына елеулі қауіп төндіреді. Өткен жылдары өлім жағдайлары да тіркелген.

ІІМ мәліметінше, күшті әсер ететін заттардың заңсыз айналымы үшін Қылмыстық кодекстің 301-бабына сәйкес 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау бағытындағы жұмыс жалғасады.