Қарағандыдағы дүңгіршекте болған жарылыс: жараланған екі адам көз жұмды

Автор: Асыл Арман

Оқиға 22 қаңтар күні Қазыбек би ауданында болған

Фото: ЖИ арқылы жасалды

Қарағандыда дүңгіршек кафеде болған жарылыстан екі адам көз жұмды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі Ekaraganda басылымына сілтеме жасап.

Оқиға 22 қаңтар күні Қазыбек би ауданында Ермеков көшесіндегі жеке дүңгіршек кафеде болған. Газ-ауа қоспасының жарылуынан кейін өрт шықты. Жарылыстан төрт адам зардап шекті: барлығы түрлі дәрежедегі күйіктермен медициналық мекемелерге жеткізілді. Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өрт ғимараттың ішкі және сыртқы қаптамаларын, жиһазды, тұрмыстық техниканы және пайдаланылған заттарды шарпыған. Өрт алаңы шамамен 30 шаршы метрді құрады. Төтенше қызметкерлер 27 литрлік екі газ баллонын ғимараттан шығарып, қосымша жарылыстардың алдын алды.

Бастапқыда үш адам ауыр жағдайда жансақтау бөлімінде емделіп жатқан, оның біреуі орташа дәрежелі күйікпен комбустиология бөліміне жатқызылған еді.

Бүгін екі адамның көз жұмғаны белгілі болды.

«Екі пациент те ауруханаға өте ауыр жағдайда жеткізілген, жан-жақты күйіктері бар еді. Қабылданған сәттен бастап оларға профильді мамандардың қатысуымен барлық қажетті медициналық көмек көрсетілді. Өкінішке қарай, жүргізілген ем шараларына қарамастан, пациенттер көз жұмды», – делінген Денсаулық сақтау басқармасының хабарламасында.

Қазір үшінші зардап шеккен адам стационарда ем қабылдауда, ал төртінші науқас үйге шығарылды.

Айта кетейік, дүңгіршек кафе небәрінің төрт айға жетер-жетпес уақыт жұмыс істегені айтылды.