$ 502.27  597.15  6.57
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Жамбыл облысында тұрғын үй мәселесі: 57 мыңнан астам азамат баспанасыз қалуы мүмкін

Аймақта коммуналдық және ипотекалық баспана үлестері бойынша жүйелі мәселелер анықталды

Жамбыл облысында тұрғын үй мәселесі: 57 мыңнан астам азамат баспанасыз қалуы мүмкін
Фото: istockphoto.com

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Мұқаш Ескендіров премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың атына депутаттық сауал жолдап, Жамбыл облысындағы тұрғын үймен қамтамасыз ету саласында қордаланған бірқатар жүйелі проблемаларды көтерді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Депутат сөз басында баспанамен қамтамасыз ету – әлеуметтік тұрақтылықты сақтау, азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру және халықтың әл-ауқатын жақсартудың негізгі тетіктерінің бірі болып саналатынын атап өтті.

Сөз арасында Мәжіліс депутаттарының Жамбыл облысын аралау барысында, тұрғын үй саласына қатысты болған және жұртшылық көтерген бірқатар түйткілді мәселені жеткізді.

Бірінші. Коммуналдық меншіктегі тұрғын үй қорынан жалдамалы баспана беру мәселесі:

Жамбыл облысы бойынша, коммуналдық тұрғын үй қорынан пәтер алу кезегіне 57 434 азамат тіркелген. 2025 жылы халықтың әлеуметтік осал топтарына жалға берілетін тұрғын үй сатып алуға республикалық бюджеттен 21,5 млрд теңге бөлініп, 1 425 пәтер сатып алынды. Алайда сатып алынған пәтерлерді осал топтағы азаматтарға үлестіру қолданыстағы заңнамаға енгізілген толықтырулар мен өзгерістер кедергі болып отыр.

Бұрында жергілікті атқарушы органдарда болған функциялар «Тұрғын үй құрылысы жинақ» банкіне берілді және баспанаға мұқтаж азаматтарды есепке қою электрондық базасы арқылы автоматты түрде жүзеге асырылуда.

«Осы себептерге байланысты коммуналдық тұрғын үй қорынан бөлінетін тұрғынжайды келісу туралы өтінішке дер кезінде жауап бермеуіне және кезекте тіркелген азаматтардың деректерінің түзетіліп жаңартылмауына байланысты баспанамен қамтамасыз ету жұмыстары созылып кетті. Бүгінгі күні коммуналдық тұрғын үй қорынан пәтер алу кезегіне тұрған 57 434 азаматтың небәрі 10 пайызының деректері түзетулер енгізіліп жаңартылған. Бұған тиісті деңгейде түсіндірме жұмыстарының болмауы, электрондық цифрлық қолтаңбамен дұрыс пайдалануды, уақытылы қол қоя алмауы себеп болып отыр.

Жоғарыда аталғандарға байланысты банк қарапайым халық арасында заңнамаға енгізілген өзгерістерді алдын ала жариялап, «тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы» электрондық базасындағы азаматтардың деректерін түзету және жаңарту жұмыстарын жеделдету қажет болып тұр», – дейді депутат.

Екінші. Тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы жүйесі арқылы жеңілдетілген ипотекалық тұрғын үйлерді сату мәселесі. Өнеркәсіп және құрылыс министрінің №187 бұйрығына сәйкес, ипотекалық тұрғын үй қарыздарын беру баспана қорының жалпы көлемiнiң кемiнде 70% әлеуметтік осал топтағы азаматтарға, 20% жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға және қалған 10% үлесі кезектегі басқа азаматтарға сатылады.

Бүгінде ипотекалық тұрғын үйлердің кемiнде 70% әлеуметтік осал топтағы азаматтарға ұсынылуы пәтерлердің дер кезінде іске асырылуына кедергі болмақ.

Мысалы, Тараз қаласы бойынша өткен 2025 жылы 706 пәтер сатылымға шығарылса, азаматтардың төлем қабілетінің расталмауына байланысты небәрі 588 пәтер ғана берілді. Ал биыл Тараз қаласы бойынша 1 278 пәтерден тұратын 29 көпқабатты үйлердің құрылысы аяқталып сатылымға шығарылғалы отыр. Заңнамаға сәйкес аталған үйлердің 70% немесе 895 пәтер әлеуметтік осал топтағы азаматтарға ұсынылса былтырғы жағдай тағы да қайталануы әбден мүмкін. Бүгінгі күні, баспана алу кезегіне тұрған азаматтардың 31 055 немесе 54% әлеуметтік осал топтағы азаматтар.

Осал топтағы азаматтардың төлем қабілетінің төмен болуы пәтерлердің уақытылы сатылмауына әкеліп, жергілікті атқарушы органдардың облигациялық қарыз борыштарын мерзімінде өтелуіне кері әсерін тигізеді.

Депутат өз сөзінде осы аталғандарға байланысты, салалық министрдің бұйрығының тиісті өзгертулерді енгізу арқылы осал топтағы азаматтарға сатылатын пәтерлердің үлесін 70%-дан 50%-ға дейін төмендету және/немесе ипотекалық тұрғын үй қарыздарын беру шарттарын жеңілдету мүмкіндігін қарауды сұрады.

«Құрметті Роман Васильевич! Тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі, мемлекетіміздің әлеуметтік-экономикалық даму басымдықтарының қатарында ерекше орын алатынын және тұрғын үй жағдайын жақсарту азаматтардың елде тұрақтап қалуына, ішкі көші-қонды реттеуге және әлеуметтік шиеленісті төмендетуге тікелей ықпал ететіні айтпаса да белгілі. Осыған байланысты жоғарыда аталған ұсынымдарды қарастырып, олардың оң шешілуіне ықпал етуіңізді сұраймыз», – деп депутат Мұқаш Ескендіров сөзін қорытындылады.