Аяздың беті қайтады: алдағы күндерге арналған ауа райы болжамы жарияланды
Синоптиктердің болжамы жарияланды
«Қазгидромет» РМК алдағы бірнеше күнге арналған ауа райы болжамын жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Синоптиктердің мәліметіне сүйенсек, алдағы үш тәулік ішінде Қазақстан аумағының басым бөлігі кең ауқымды антициклонның ықпалында болады, соның әсерінен жауын-шашынсыз ауа райы күтіледі. Тек елдің батыс, оңтүстік және оңтүстік-шығыс өңірлері атмосфералық фронтальды бөлімдердің ықпалында қалып, жаңбыр мен қар түріндегі жауын-шашын, төменгі боран, көктайғақ күтіледі.
«Түркістан облысының таулы аймақтарында 31 қаңтарда күшті жауын-шашын (жаңбыр, қар) болжанады. Республика бойынша тұман, желдің күшеюі күтіледі.
Ауа температурасына келетін болсақ, республиканың барлық аумағында біртіндеп жоғарылау байқалады. 31 қаңтар күндіз ауа температурасы батыс, оңтүстік және оңтүстік-шығыс өңірлерде –5°С-тан +5°С-қа дейін, ал солтүстік-батыста, солтүстікте, шығыста және елдің орталығында -2°С-тан -10°С-қа дейін жетеді», – делінген синоптиктердің болжамында.