Ш.Уәлиханов атындағы Әскери колледжде карантин: бірнеше кадеттің қызылша жұқтырғаны анықталды

Автор: Асыл Арман

Жағдай Қорғаныс министрлігінің және денсаулық сақтау органдарының бақылауында

Фото: Қорғаныс министрлігі

Щучинск қаласында Қорғаныс министрлігіне қарасты Ш.Уәлиханов атындағы Әскери колледжде білім алушылар арасында қызылша ауруы тіркелді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бұл жағдайды колледж басшылығы ресми түрде растады. Оқу орны таратқан хабарламаға сүйенсек, кадеттер каникулдық демалыстан оралғаннан кейін олардың бір бөлігінде жұқпалы ауру белгілері байқалған. Эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, аурудың болжамды түрде сырттан әкелінуі мүмкін екені анықталып жатыр.

«Бүгінгі таңда 66 кадет бейінді медициналық ұйымның бақылауында. Екі жағдайда ауру асқынумен өтіп жатыр, науқастар мамандандырылған медициналық көмек алуда, олардың жағдайы тұрақты, оң динамика байқалады.

Колледжде байланыста болған тұлғалар анықталып, оқшауланды. Барлық пациентке қажетті медициналық көмек көрсетілуде, олардың денсаулық жағдайы тұрақты деп бағаланады.

Инфекцияның одан әрі таралуына жол бермеу мақсатында оқу орнында карантин жарияланды. Медициналық және санитариялық-эпидемиологиялық бақылауды күшейту бойынша қосымша шаралар ұйымдастырылып, жеке құрамның денсаулық жағдайына мониторинг күшейтілді», – делінген хабарламада.

Жағдай Қорғаныс министрлігінің және денсаулық сақтау органдарының бақылауында.