Жол-көлік оқиғасы салдарынан жүргізуші жараланды
«Астана – Петропавл» автожолының 18-шақырымында 26 қаңтар күні сағат 13:40 шамасында жүк көлігі төлемақы алу пунктіне соқтығысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Алдын ала мәліметтер бойынша, «МАЗ» маркалы жүк көлігінің жүргізушісі тежегіш жүйесінің істен шығуына байланысты көлік тізгініне ие бола алмай, ақылы жолдың жүк көліктеріне арналған жолағындағы төлем алу терминалына соқтығысқан.
Жол-көлік оқиғасы салдарынан жүргізуші дене жарақаттарын алып, оқиға орнында оған шұғыл медициналық көмек көрсетілді.
Оқиға нәтижесінде ҚазАвтоЖол компаниясына материалдық залал келтірілді. Атап айтқанда, төлем терминалы механикалық зақымданып, құрылымның орналасу тығыздығы мен геометриясы бұзылған, көлік құралдарының өтуін тіркеу жабдықтары істен шыққан, сондай-ақ электр қуаты мен байланыс кабельдері үзілген.
«Құрметті жүргізушілер! Белгіленген жылдамдық режимін қатаң сақтап, көлік құралының техникалық жағдайын үнемі бақылау қажет.
Техникалық ақауы бар көлікті пайдалану және белгіленген жылдамдықты арттыру жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіріп қана қоймай, жол инфрақұрылымы нысандарына елеулі материалдық залал келтіруі мүмкін.
Жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауларыңызды және көлік құралын басқару кезінде асқан жауапкершілік танытуларыңызды сұраймыз», – делінген «ҚазАвтоЖол» хабарламасында.