7 млрд теңге заңсыз айналымда болған: Астанада екі азамат криптовалюта айырбастайтын заңсыз пункт жасақтаған

Автор: Аягөз Құрмаш

Олар бас бостандығынан айырылды

Фото: istockphoto.com

Қылмыстық істер жөніндегі кассациялық соты лицензиясыз криптовалюта айырбастаумен айналысқан тұлғалардың әрекетін заңсыз кәсіпкерлік деп таныды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Сот материалдарына сәйкес, екі жыл бойы С. және оның серіктесі К. Астана қаласындағы беделді бизнес-орталықтардың бірінде криптовалютаны офлайн форматта айырбастайтын заңсыз пункт ұйымдастырған. Клиенттер оларды интернеттегі хабарландыру сайттары арқылы тауып отырған. Барлық операциялар арнайы ақша санау құрылғысы орнатылған кеңседе жүргізілген.

Олар цифрлық активтерді жүйелі түрде сатып алып, сатып отырған. Нәтижесінде олардың қолынан 7 миллиард теңгеден астам қаражат өткен. Бұл заңсыз қызмет тек құқық қорғау органдарының араласуынан кейін әшкереленген.

Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, лицензиясыз қамтамасыз етілмеген цифрлық активтердің айналымына «Астана» халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) аумағынан тыс жерлерде тыйым салынған. Сотталғандар айырбастаған активтер де осы санатқа жатқызылған.

Кассациялық сот тараптардың уәждерін жан-жақты зерделей келе, айыпталушыларда тиісті лицензия болмағанын, олардың әрекеті «кеңес беру» немесе «өзара көмек көрсету» емес, аса ірі көлемде табыс табуға бағытталған жүйелі кәсіпкерлік қызмет болғанын анықтады. Сонымен қатар қолданылған схема қаржылық бақылауды айналып өтуге, қаражатты елден шығаруға мүмкіндік жасап, мемлекеттің экономикалық қауіпсіздігіне қатер төндірген.

Сот Қазақстанда цифрлық активтердің айналымына тек лицензия болған жағдайда және тек АХҚО аумағында ғана рұқсат етілетінін атап өтті. Бұл талаптарды айналып өтіп, көлеңкелі криптобизнес құру заңсыз кәсіпкерлік болып саналады.

Нәтижесінде кассациялық саты бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың үкімдерін өзгеріссіз қалдырды. Кінәлілер бас бостандығынан айырылып, қылмыстық жолмен алынған табыс тәркіленді.