GTA ойынындай: Алматыда кроссовер мінген шетелдік өзге көлікті жаншып, полициядан қашып кетті (ВИДЕО)

Автор: Асыл Арман

Оқиға 24 қаңтар күні шамамен сағат 23:06-да болды

Фото: Видеодан скрин

Алматыда Haval көлігін мінген жүргізуші қарсы бағытта келе жатқан жеңіл көлікті жаншып, полициядан қашып кетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде жарияланып, оны қалалық Полиция департаменті ресми түрде растады. Белгілі болғандай, полиция қызметкерлері мас күйінде көлік басқарған және полициядан қашпақ болған жүргізушіні ұстады.

Оқиға 24 қаңтар күні шамамен сағат 23:06-да болды. Патрульдеу кезінде Тимирязев көшесінде полиция қызметкерлері бордюрге соғылған «Haval» маркалы автокөлікті байқаған. Көлікті тоқтату туралы заңды талапқа жүргізуші бағынбай, қозғалысын жалғастырып, қашуға әрекеттенген.

«Жароков пен Өтепов көшелерінің қиылысында ол басқа автокөлікпен соқтығысқан. Жол-көлік оқиғасынан кейін де жүргізуші оқиға орнынан кетуге тырысқанымен, полиция қызметкерлері тарапынан ұсталды. Тексеру барысында жүргізушіден алкогольдік масаңдық белгілері анықталды», – деді Алматы қаласы Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Серік Шумаев.

Аталған дерек бойынша шетел азаматы болып саналатын жүргізушіге қатысты жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзудың бірнеше фактісі бойынша әкімшілік материалдар рәсімделді. Оның ішінде мас күйінде көлік басқару, полиция қызметкерінің заңды талабын орындамау және жол-көлік оқиғасын жасау деректері бар.

«Әкімшілік соттың шешімімен құқық бұзушыға 20 тәулікке әкімшілік қамаққа алу және 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды. Автокөлік арнайы айып тұрағына қойылды.

Алматы қаласы Полиция департаменті мас күйінде көлік басқару және полициядан қашу әрекеттері жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіретінін ескертеді», – делінген қалалық ПД агенттік тілшісіне берген мәліметінде.