«Алдын ала сөз байласқан»: Шымкентте бір адам қаза болған төбелеске қатысты тың мәлімет тарады

Автор: Аягөз Құрмаш

Марқұмның туыстары күдікті өмір бойына сотталғанын қалайды 

Фото: istockphoto.com

2026 жылдың 20 қаңтарында Шымкентте болған төбелеске қатысты тың мәлімет пайда болды. Сол күні кешке Рысқұлов пен Еримбетов көшелерінің қиылысында жаппай төбелес болған. Күдіктілер 40 жастағы Василий Колесниковті оқиға орнынан күштеп алып кеткен. Кейін оның мәйіті Темірлан елді мекенінен табылған еді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Желіде таралған кейбір видеода әлдекімдер бір адамды көліктен шығармай, сүйреп бара жатқаны көрінген. Кейін оның Василий Колесников екені анықталды. Марқұмның адвокаты қылмыскерлер бұл шабуылға алдын ала дайындалған деп есептейді.

 «Барлық БАҚ бұл жол-көлік ережесін бұзудан шыққан жанжал деп жазып жатыр. Алайда бұл жол ережесін бұзу емес, бұл тұзақ құру болды. Ешкім өз көлігін ойлаған жоқ. Негізгі мақсат Василий Колесников еді. Оны ұрлап, кейін өлтіру жоспарланған және олар бұл жоспарын жүзеге асырды», - дейді адвокат Талғат Есімов.

Айта кетейік, дәл осы қылмыс болған күні президент Шымкент қаласының полициясын басқа резонансты іс бойынша, яғни, 21 жастағы Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты сынаған соң Шымкенттің полиция департаментінің басшылығы отставкаға кетіп жатқан еді. Келесі күні уақытша ұстау изоляторына қамалған төрт күдіктінің видеосы жарияланды. Кейін тағы үш адамның ұсталғаны белгілі болды.

 «Бұл жағдайда Арман Бейсенбаевтың басшылығындағы полиция департаменті өте кәсіби жұмыс атқарды: алғашқы тәулікте шамамен бес адам ұсталды. Кейін Түлкібас ауданында тағы үш адам қолға түсті. Тағы бір күдікті іздеуде жүр. Бұл адамдардың ашықтан-ашық әрекеті. Президенттің ұстанымы заң мен тәртіп. Сондықтан бұл іс бойынша ашық сот процесі өтуі керек. Біздің талабымыз тек өмір бойына бас бостандығынан айыру. Мұндай адамдардың қазіргі қоғамда орны жоқ», - дейді ол.

Аталған қайғылы оқиға бойынша үш қылмыстық іс қозғалды:

  • Адам өлтіру
  • Қару қолдану арқылы жасалған бұзақылық
  • «Адам ұрлау» баптары бойынша.

Тергеу ісін ІІМ-нің орталық аппараты бақылауына алды. Шымкент қаласына қылмыстық полиция, тергеу департаменті және ішкі қауіпсіздік департаментінің басшылары жіберілді.