Эльвира Азимова: Конституциялық комиссияның алдында айрықша миссия тұр

Автор: Дәулет Ботагөз

Астанада Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның алғашқы отырысы өтіп жатыр

Фото: gov.kz

Астанада Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның алғашқы отырысы өтіп жатыр. Комиссияға жетекшілік ететін Конституциялық соттың төрағасы Эльвира Азимова реформаның негізгі мақсаттары мен міндеттерін атады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«2025 жылғы 8 қыркүйекте Президент «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты халыққа Жолдауында жасанды интеллект дәуірінде еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі оң ықпал ететін жаңа саяси реформаны жариялады. Мемлекет басшысы «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасы негізінде елімізде бір палаталы Парламент құру бастамасын көтерді», – деді ол. 

Оның сөзінше, парламенттік реформаны әзірлеу жөніндегі жұмыс тобы 2025 жылғы қазан айынан бастап белсенді жұмыс атқарды. Оның құрамына белгілі заңгерлер мен сарапшылар, саяси партиялар және қоғамдық ұйымдардың өкілдері кірді. Осы уақыт аралығында жұмыс тобы барлық ұсынымдарды мұқият зерделеп, жүйеледі, сондай-ақ азаматтардан келіп түскен ұсыныстарды жан-жақты талдады.

Конституциялық реформаның басты мақсаты мен міндеттері

«Азаматтар өз ұсыныстарында тек бір палаталы Парламент мәселесін ғана көтерген жоқ. Осыған орай, Мемлекет басшысы Конституциялық реформа жөніндегі комиссия құру туралы шешім қабылдады. Қазіргі уақытта Жұмыс тобының мүшелерінен бөлек, азаматтардан екі мыңнан астам ұсыныс келіп түскенін ерекше атап өткен жөн», – деді Азимова.

Оның айтуынша,кеңейтілген құрамдағы Конституциялық комиссияның құрылуы осы уақытқа дейін атқарылған жұмыстың қисынды жалғасы, сондай-ақ бірнеше айға ұласқан пікірталастар барысында қалыптасқан ауқымды қоғамдық сұранысқа берілген жауап болды. 

Президент ұсынған мемлекеттік билікті бір палаталы Парламентке – Құрылтайға өткізу, Халық кеңесін құру, Вице-Президент лауазымын енгізу және басқа да мәселелер жан-жақты әрі кешенді түрде зерделеп, пысықтауды қажет етеді.

«Қазақстан Республикасы саяси жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басуда. Мемлекет басшысы әрі қарайғы дамудың институционалдық тепе-теңдікті нығайту, заң шығарушы биліктің тиімділігін арттыру, тежемелік тепе-теңдік жүйесін күшейту, сондай-ақ қоғамның мемлекеттік басқаруға қатысуын қамтамасыз ететін конституциялық механизмдерді жаңарту арқылы ғана мүмкін екенін айқын атап көрсетті», – деді Конституциялық сот төрағасы.

«Конституциялық реформа қоғамның барлық саласында кең талқылауға ие болды»

Эльвира Азимова конституциялық реформа қоғамның барлық саласында кең талқылауға ие болғанын да атап өтті. Оның сөзінше, барлық саяси партиялар, үкіметтік емес ұйымдар, кәсіпкерлік құрылымдар, сондай-ақ заңгерлер мен сарапшылар өз бастамаларын жолдады.  

«Сол себепті Конституциялық комиссияның құрылуын салалық өзгерістерден кешенді конституциялық трансформацияға өту ретінде қарастырған жөн. Комиссия құрамына Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, мәслихат төрағалары, БАҚ басшылары, қоғамдық белсенділер, мемлекеттік органдар мен өңірлік қоғамдық кеңестердің өкілдері, сондай-ақ сараптамалық және ғылыми қауымдастықтар енді. Бұл қоғамдық көзқарастардың, тәжірибе мен сұраныстың әралуандығын көрсетеді», – деді спикер.

Оның сөзінше, Конституциялық комиссияның алдында айрықша миссия тұр – бір жағынан конституциялық құрылыстың іргелі қағидаттарын сақтай отырып, екінші жағынан заманауи сын-қатерлерге қатысты өз ұстанымымызды лайықты түрде айқындауға мүмкіндік беретін Ата заңның тиісінше теңгерімін қамтамасыз ету. 

«Сіздердің кәсіби тәжірибелеріңіз, отансүйгіштік және салмақты ұстанымдарыңыз барлық ұсыныстарды жан-жақты қарастыруға, оларды жүйелеп қорытуға, еліміздің дамуына қуатты серпін бере алатын нақты әрі сараланған өзгерістер жобасын әзірлеуге мүмкіндік беретініне сенімдімін», – деді Азимова.