Дәрігерлер балаға шұғыл операция жасады
Түркістандық дәрігерлер нәрестенің өмірін сақтап қалу үшін шұғыл ота жасады. Бастапқыда қызылша жұқтырды деген күдікпен ауруханаға түскен сәбидің іш қуысынан металл ине табылған. деп хабарлайды Azattyq Rýhy Otyrar басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
8 айлық сәби Түркістан қалалық орталық ауруханасының инфекциялық бөлімшесіне дене қызуы көтеріліп, мазасызданған соң жеткізілген. Дәрігерлер алғашында бұл белгілерді қызылша ауруына балаған. Алайда қосымша тексеру кезінде ақиқат ашылды.
Рентген зерттеуінің нәтижесінде баланың іш қуысында бөгде зат — металл ине бар екені анықталды. Сәбидің жағдайының нашарлауына инфекция емес, дәл осы ине себеп болған.
Дәрігерлердің айтуынша, бұл жағдайдың ерекшелігі сол — ине баланың организміне ас қорыту жолдары (ауыз арқылы) емес, бауыр аймағы арқылы кірген. Бұл нәресте өміріне тікелей қауіп төндіргендіктен, шұғыл хирургиялық араласу қажет болды.
«Түркістан қалалық орталық ауруханасы мен балалар ауруханасының мамандары бірлесіп, шұғыл ота жасады. Барлық қажетті емдік шаралар толық көлемде көрсетілді», — деп хабарлады медициналық мекемеден.
Дәрігерлердің дер кезінде көрсеткен көмегінің арқасында сәбидің жағдайы тұрақталды. Қазіргі уақытта нәресте дәрігерлердің бақылауында және тәуір болып келеді.
Мамандар ата-аналарға кішкентай балалардың қауіпсіздігіне баса назар аударып, өткір әрі ұсақ заттарды қолжетімді жерде қалдырмауды қатаң ескертеді.