«Бізге бекер жала жабудың қажеті жоқ» - елордадағы аурухана дәрігері далада жатқан науқастар түсірілген видео туралы пікір білдірді

Автор: Azattyq Rýhy

Оның айтуынша, белгісіз біреулер тұрғылықты жері жоқ ер адамды аурухана алдында тастап кеткен

Фото: видеокадр

Нұр-Сұлтан қаласындағы №2 аурухананың бас дәрігерінің міндетін атқарушы Нұрбол Тұрсынбаев далада жатқан науқастар түсірілген видео туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

«Біріншіден, біз COVID-19 инфекциясына шалдыққан науқастарды емдейдін ауруханалардың қатарына жатпаймыз. Бізге жедел жәрдем індетке шалдыққан науқастарды әкелмейді. Екіншіден, видеодағы тұрғылықты жері жоқ ер адамды белгісіз біреулер алып келіп, аурухана алдында тастап кетті. Аурухана қызметкерлерін ешкім ескерткен жоқ. Науқасты көрген сәтте біз оны ауруханаға кіргізіп, қарауға кірістік. Ер адам мас болды. Ауруханаға жатудан бас тартты. Медициналық көмекке мұқтаж болған жоқ», - дейді Тұрсынбаев.

Оның айтуынша, көшеде арбада отырған екінші адам да мас болған және ол да ауруханаға жатудан бас тартқан.

«Туыстары оны алып кетті. Бүгін оны тағы да мас күйінде ауруханаға алып келді. Қазір оған көмек көрсетіліп жатыр. Ол алкогольмен уланды. Анық-қаныған біліп алмай қала тұрғындарын желіде жүрген арандатушы роликтерге сенбеуді сұраймыз. Жалған ақпаратты тарататын авторлар әлеуметтік жауапкершілік туралы ойланып, оны есте сақтағаны жөн. Дәрігер маман ретінде барлық қала тұрғындарының өмірін құтқарып жатырмыз. Бізге бекер жала жабудың қажеті жоқ», - деді бас дәрігердің міндетін атқарушы Нұрбол Тұрсынбаев.