Әнші Алтынай Жорабаеваның отбасы қайғыдан қара жамылды

Автор: Асыл Арман

Қайғылы оқиға 20 қаңтар күні болған

Фото: Instagram/altynaizhorabayeva

Танымал әнші Алтынай Жорабаеваның отбасы қайғыдан қара жамылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Өнер иесінің айтуынша, қайнысы Әли Тұралыұлы 2026 жылғы 14 қаңтарда жол-көлік оқиғасына түсіп, ауыр хәлде ауруханаға жеткізілген. Ол алты күн бойы комада жатып, 20 қаңтар күні көз жұмды.

Қайғылы оқиға оның 41 жасқа толуына небәрі төрт күн қалғанда болған.

«Қайыным Әли Тұралыұлы 41 жасқа толуына төрт күн қалғанда жол апатына ұшырап, алты күн комада жатып, Раббысына қайтты. Папамның қасына сен де бардың. Жаның жәннатта болсын», – деп жазды Алтынай Жорабаева.

Жарияланымнан марқұмның әкесінің де бұған дейін қайтыс болғаны белгілі болды. Бұл жазба әлеуметтік желі қолданушыларын толқытты. Олар әншіге және оның отбасына көңіл айтып жатыр.