Қазақстанда сатып алу құқығымен тұрғын үйді енді онлайн рәсімдеуге болады

Автор: Асыл Арман

Жоба аясында бүкіл үдеріс толық цифрландырылған

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Қазақстанда жалға берілетін тұрғын үйді кейіннен сатып алу құқығымен онлайн рәсімдеуге мүмкіндік беретін жаңа пилоттық жоба іске қосылды. Бұл туралы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы хабарлады, деп жазады Azattyq Rýhy.

Енді өтінім беріп, электронды шартты «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ порталы арқылы жасасуға болады. Құқықтар мен ауыртпалықтарды мемлекеттік тіркеуге қажетті барлық құжат автоматты түрде Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры жүйесіне жіберіледі.

Жоба аясында бүкіл үдеріс толық цифрландырылған: құжат тапсырудан бастап жалға алу шартын тіркеу, ауыртпалықты алып тастау және тұрғын үйдің сатып алу құны толық төленгеннен кейін меншік құқығын рәсімдеуге дейін.

Бұл қызмет әсіресе мемлекеттік тұрғын үй кезегінде тұрған қазақстандықтар, сондай-ақ кәсіпорындар мен бюджеттік сала қызметкерлері үшін өзекті. Ол рәсімдеу мерзімін едәуір қысқартуға, ХҚКО-дағы кезектерден арылуға және бюрократиялық кедергілерді азайтуға мүмкіндік береді.