Министрлік қаңтарда қосымша 2 мың тонна газ бөлген
Атырау облысының ішкі нарығын тұрақты қамтамасыз ету үшін ай сайын кемінде 12-13 мың тонна автогаз қажет, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметінше, ҚР Энергетика министрлігі 2025 жылдың қаңтарына өңірге небәрі 7 110 тонна сұйытылған мұнай газын бөлген. Алайда бұл көлем сұранысты толық жаба алмағандықтан, нарықта тапшылық қаупі туындап, қосымша газ бөлу мәселесі көтерілген.
«Нарықтағы тапшылықты азайту мақсатында облыс әкімдігінің сұранысына сәйкес министрлік негізгі көлемге қосымша 2 000 тонна сұйытылған газ бөлді. Бұл қадам жағдайды біршама тұрақтандыруға мүмкіндік берді», – деді облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының бас маманы Анар Ахметова.
Қазір өңірдегі газ құю бекеттеріне жанармай 35 газ тасымалдаушы компания арқылы жеткізіліп отыр. Алайда көліктер санының күрт өсуі жағдайды күрделендіріп отыр. Егер 2024 жылы газбен жүретін көліктер саны 20 мың болса, биыл бұл көрсеткіш 27 мыңға жеткен. Бір жыл ішінде 7 мың көліктің қосылуы тұтыну көлемінің айтарлықтай артқанын көрсетеді.
Министрлік бекіткен жоспарға сәйкес, биыл ақпан айында Атырауға 6 667 тонна, ал наурыз айында 6 910 тонна сұйытылған мұнай газы жеткізілуі тиіс.