Мемлекеттік туды көлікке, көшеге ілу мәселесі: президент Ұлттық құрылтайда арнайы тоқталып өтті
Президент маңызды мәселелердің бірі – Қазақстан мемлекеттік туын қашан және қалай қолдану керектігін талқылау екенін айтты
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев патриотизм тек туған елге деген махаббаттан ғана тұра бермейтінін, оны азаматтық жауапкершілікпен толықтыру қажет екенін атап өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Патриотизм – бұл, әрине, Отанға деген сүйіспеншілік, бірақ өз еліңе деген бұл сезім азаматтық жауапкершілік пен елге пайда тигізу ниетімен толықтырылғанда ғана мәнге ие», – деді мемлекет басшысы.
Президент қазіргі қоғамдағы маңызды мәселелердің бірі – Қазақстан мемлекеттік туын қашан және қалай қолдану керектігін талқылау екенін айтты.
«Мемлекеттік символиканы пайдалану арнайы нормалармен реттеледі. Оны қолдануда салғырттыққа немесе абайсыздыққа жол берілмейді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы патриотизмнің көрінісі ретінде ел азаматтарының көк Туды үйлерде, көліктерде, көшелерде және спорттық шараларда қолдануын ерекше атап өтті.
«Мен үйлерде, көліктерде, көшелерде, сондай-ақ еліміздегі, әсіресе, шетелдегі спорттық және іс-шараларда көк Туымыз желбіреп тұрғанда қуанып қаламын. Сол арқылы еліміздің азаматтары бірлігі бекем ұлт екенімізді көрсетеді. Олардың әрекеттерінен туған елін мақтан тұтатыны байқалып тұрады.
Біздің туымыздың көрінісі – спортшылардың жетістіктері, ғалымдардың еңбегі, кәсіпкерлер мен музыканттардың табысы арқылы елдің әлемдік беделін нығайтады», – деді ол.