Биыл көктемде Жошы хан туралы деректі фильмді түсіру жұмысы аяқталады – президент

Автор: Асыл Арман

Көп сериялы фильмнің тұсаукесері беделді халықаралық платформаларда өтеді

Фото: Ақорда

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда соңғы жылдары тарихи мұрамызды ғылыми тұрғыдан зерделеу және дәріптеу бағытында біраз жетістікке қол жеткізілгенін атап өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Президенттің айтуынша, биыл көктемде Жошы хан туралы деректі фильмді түсіру жұмыстары аяқталады.

«Біз соңғы жылдары сан ғасырлық тарихи мұрамызды ғылыми тұрғыдан зерделеу және дәріптеу жолында біраз жетістікке жеттік. Биыл көктемде Жошы хан туралы деректі фильмді түсіру жұмыстары аяқталады. Мен осы ауқымды жобаның басталғаны туралы Атырауда өткен Құрылтай отырысында айттым. Көп сериялы фильмнің тұсаукесері беделді халықаралық платформаларда өтеді.

Бұл туынды Алтын Орда брендін жер жүзіне дәріптеуге ықпал етеді. Бірақ, осындай тарихи тақырыпқа келгенде тартымды көрнекі, яғни визуалды бейне жасаудан бөлек, алдымен оның ішкі мазмұны, мән-мағынасы терең болуын ойластыру қажет. Сондықтан менің тапсырмаммен мамыр айында Алтын Орда тарихына арналған халықаралық симпозиум ұйымдастырылады. Іс-шараға әлемнің беделді ғалымдары шақырылады», – дейді президент.

Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев жалпы түркілік цивилизацияны зерттеуге де ерекше көңіл бөлінетінін айтты.

«Қыркүйек айында Ресейдегі әріптестеріміз бен басқа елдердің өкілдерімен бірлесіп «Үлкен Алтай – түркілердің ата мекені» атты халықаралық конференция өткізуді жоспарлап отырмыз», – деді президент.

Ол бес жыл бұрын жариялаған «Тәуелсіздік бәрінен жоғары» атты мақаласында жаңа академиялық тарихты заманауи ғылыми тәсілдер мен деректерді пайдалана отырып әзірлеу міндетін қойғанын еске салды.

«Жыл соңына қарай бұл ауқымды және, еш қателеспей айтсақ, фундаментальді зерттеу жұмысы аяқталады – Қазақстанның академиялық тарихы бойынша көлемді жеті томдық жинақ жарыққа шығады», – деді мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше, бұл еңбек мемлекеттік құрылымды нығайтуға және ұлттық тарихи сананы қалыптастыруға маңызды үлес қосады.

«Символдық тұрғыдан, бұл маңызды ғылыми оқиға Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығымен сәйкес келіп отыр. Біз осы тарихи белесті нақты істер арқылы атап өтуіміз керек», – деп түйіндеді президент.