Қаза тапқан азаматтың жеке басы анықталды
Ақмола облысындағы «Новая» шахтасының 610-шы горизонтынан ер адамның мәйіті табылып, аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, жедел-іздестіру шаралары барысында марқұмның жеке басы анықталған. Ол 1991 жылы туған Степногорск қаласының тұрғыны болып шықты.
Алдын ала мәліметке сәйкес, ер адам шахта аумағына заңсыз кірген. Қазіргі уақытта оқиғаның анық-қанығын анықтау бойынша қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Аталған іс бойынша Қылмыстық кодексінің 269-1-бабының 3-бөлігі, яғни қорғалатын объектіге заңсыз кіру салдарынан абайсызда адам өліміне әкеп соғу бабымен сотқа дейінгі тергеу басталды. Құзырлы органдар оқиғаның барлық себеп-салдарын жан-жақты тексеріп, құқықтық баға берілетінін мәлімдеді.