503 млн теңгелік сатып алу прокуратураның араласуымен тоқтатылды
Атырау облысының мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы қызметтік баспана сатып алуға нарықтағы бағадан бірнеше есе жоғары қаржы бөлуді көздеген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Өткен жылы басқарма 10 қызметтік пәтерді сатып алу үшін шамамен 503 млн теңге бөлген. Алайда талдау барысында бұл бағаның нарықтық құннан үш есе қымбат екені анықталды. Осыған байланысты облыстық прокуратура мемлекеттік сатып алу процесіне араласып, келісімшарттың күшін жойғызды.
Атырау облысы прокурорының аға көмекшісі Сайдолла Дәуешовтің айтуынша, прокуратура тарапынан наразылық енгізіліп, жергілікті атқарушы орган бюджет қаражатын үнемдеуге мәжбүр болған. Соның нәтижесінде қаражат мәслихат сессиясының шешімімен кері қайтарылып, өңірдің өзекті әлеуметтік қажеттіліктері мен инфрақұрылымдық жобаларына қайта бағытталды.
«Прокуратураның қадағалау актілерінің нәтижесінде үнемделген қаражат жергілікті атқарушы органмен өңір үшін басым бағыттарға бөлінді», – деді ол.
Жалпы 2025 жылы әкімдік тарапынан бюджетті негізсіз жоспарлау салдарынан 12 млрд теңгеге жуық заңбұзушылық фактілері анықталған. Облыстық прокуратура жүргізген тексерулер нәтижесінде мемлекеттік сатып алу саласындағы талаптарды бұзғаны үшін 84 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған.