«Бос уәде емес, нақты шешім керек»: жедел жәрдем қызметкерлері министрлікке петиция жариялады

Автор: Мөлдір Қазыбай

Медицина мамандары жалақыны көтеруді, зейнет жасын азайтуды және жүйелі реформаны талап етуде

Фото: pixabay.com

Қазақстанда медициналық жедел жәрдем қызметкерлері Денсаулық сақтау министрлігіне ресми петиция жолдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

E-petition порталында жарияланған өтініште медицина мамандары қазіргі еңбек жағдайының ауыр екенін айтып, түбегейлі өзгерістер қажет екенін мәлімдеген. Олардың сөзінше, жедел жәрдем саласында бос уәде емес, нақты әрі нәтижелі қадамдар керек.

Петиция авторлары мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдаудың жеткіліксіз екенін алға тартады. Осыған байланысты бірқатар нақты талаптарын жариялаған. Атап айтқанда, жалақыны айтарлықтай көтеру, әлеуметтік кепілдіктерді күшейту, жедел жәрдем қызметін Төтенше жағдайлар министрлігінің жүйесіне енгізу, зейнетке шығу жасын төмендету және кадр тапшылығын жоюды сұрайды.

Медицина қызметкерлері инфляция салдарынан жалақының сатып алу қабілеті күрт төмендегенін де атап өткен. Сонымен қатар тұрғын үй алуға жеңілдіктер беруді, жедел жәрдем бригадаларының санын арттыруды, фельдшерлер штатын көбейтуді талап етеді.

Петицияда мамандар кәсіби күйзеліс пен физикалық қажудың күнделікті құбылысқа айналғанын айтып, өз еңбектерін зиянды әрі қауіпті санатқа жатқызуды сұраған.

«Бұл талаптар Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес жедел медициналық жәрдем қызметкерлерінің қауіпсіз еңбек жағдайына, әлеуметтік қорғалуға және лайықты өмір сүру деңгейіне құқығын қамтамасыз етуге бағытталған», – делінген өтініште.

Айта кетейік, аталған петиция Денсаулық сақтау министрлігіне жолданған.