Жаркентте туған баласын батареяға байлап, аяусыз сабаған ана қамауға алынды (ВИДЕО)

Автор: Мөлдір Қазыбай

Әкесі түсірген видео әлеуметтік желіде тарап, қоғамның ашу-ызасын туғызды

Скриншот видео

Жаркент қаласында кәмелетке толмаған баласын батареяға байлап, ұрып-соққан әйел полицияға жеткізілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Әлеуметтік желіде тарап кеткен видеода әйел мектеп жасына толмаған баланы батареяға тіреп, аяусыз сабалаған. Оған қоса тепкілегені де анық көрінеді. Пәтерде бұдан бөлек тағы үш бала бар. Алдын ала мәлімет бойынша, жауыздық танытқан келіншек бүлдіршіндердің туған анасы. Көптің ашуын келтірген бейнежазбаны әкесі түсіріп, желіге таратқан көрінеді. 

Заңгер Жанерке Кеңесбаеваның сөзінше, оның жолдаған өтініші негізінде бейнежазбадағы әйел мен видеоны түсіріп тұрған ер адам Панфилов ауданы полиция басқармасына жеткізілген.

Жетісу облыстық полиция департаментінің мәліметінше, аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. 28 жастағы әйел уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ал, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында барлық мән-жай анықталғанға дейін олар Отбасын қолдау орталығына уақытша орналастырылды. Сонымен қатар, қамқоршылық және қорғаншылық органдарына ата-ана құқығынан айыру мәселесін қарастыру туралы ресми ұсыныс жолданған.