Жасанды интеллекттен шаршаған жұрт «балама өмір салтын» таңдауда
АҚШ-та тұрғындар жасанды интеллект пен цифрлық технологиялардан шаршап, дәстүрлі, телефон мен компьютерсіз айналысуға болатын дәстүрлі хоббилерге жаппай бет бұрып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
CNN мәліметінше, соңғы уақытта америкалықтар арасында қолөнерге арналған тауарларға сұраныс күрт артқан. Шығармашылықпен айналысатын дүкендердің сайттарында тігін тігу, сурет салу, тоқыма, ағаштан бұйым жасау секілді бұйымдарға сұраныс әдеттегіден бірнеше есе көбейген.
Michael’s компаниясының бас мерчандайзинг директоры Стейси Шивлидің айтуынша, адамдар қолмен жасалатын істерден жан тыныштығын табуда.
«Қазір жұрт әлеуметтік желідегі тоқтаусыз негатив жаңалықтардан, экран алдындағы шексіз уақыттан шаршады. Қолмен жасалатын дүниелер адамға демалыс, ішкі тепе-теңдік береді», – дейді ол.
Оның пікірінше, бұл – уақытша құбылыс емес, қоғамдағы үлкен мәдени өзгерістің белгісі. Адамдар цифрлық әлемнен алыстап, шынайы өмірмен, нақты іспен көбірек байланыс орнатуға ұмтылып отыр.